Kazinform ым-ишара тілінде көптің көңілін көтеріп жүрген актерлармен кездесіп, олардың алдағы жоспарларымен танысты.
Өнерге қызыққан қарапайым жұмысшылар сайқымазақ театрында бірікті
Қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінде алғашында клоунада болмады. Нұрлан Айбасов, Василий Власов, Людмила Власова белсенділік танытып қызықты, сөйтіп Людмила Власова мен Нұрлан Айбасов дуэт құрып, ламбада биін биледі. Көкшетауға фестивальге қатысып, осы саланы зерттей бастады.
«Маған көпке күлкі сыйлар әзілдер ұнады. Сөйтіп клоунада театрын ашуға ұсыныс бердім. Бес жыл бойы өз өнерімді тегін көрсетіп, таныла бастағанда ойы бір, мақсаты бір адамдармен бірігіп, клуб құрдық. Анжелика Бочерова жетекшілік етіп, 2003 жылы Киев қаласына халықаралық жарысқа қатыстық. Әлемнің түрлі елінен ым-ишара өнерін меңгерген өнерпаздар келіп, фестивальде көп дос таптым», — деді Нұрлан Айбасов.
Сөйтіп 2003 жылы Ақтөбеде клоунада алғаш құрылып, сәуірде дайындықты бастады. Мұнда жеті актер болды. Арада екі ай өткенде Қостанайда байқау болып, ақтөбелік ұжым бірінші орынды жеңіп алды.
«Сол жылы жетекшіміз Анжелика Бочерова театрдың атауын „Мы вас любим“ деп атап, жұмысын бір жүйеге түсірді. Түрлі шараларға қатысып, өз өнерімізді көрсетеміз. 2004 жылы Киевте үлкен шара өтті. Фестиваль бізге ерекше әсер қалдырды. Сол кезде „Үздік сайқымазық“ номинациясын жеңіп алдым. Еліміздің түкпір-түкпірінде байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүрміз. Ең алғаш рет байқауға қатысқан кезде клоунаданың не екенін білмедік, түсінбедік. Уақыт өте келе тәжірибе жинай бастадық. Айнытпай қайталау мақсат емес, ым-ишарамен адамдарға сезімімізді жеткізе білгіміз келді. Іс-қимыл қиын болғанымен, жетекші нұсқауымен бар ауыртпалық артта қалды. Ал идеямыз болса, қолдау тапты», — деді актриса Людмила Власова.
Ол көбіне балаларға арналған қойылымды сахналағанды ұнатады. Кіршіксіз күлкі мен шын ықылас сахна өнерпаздарына да ерекше сезім сыйлайды.
«Аптасына біз үш рет дайындыққа келеміз. Өзім тігін цехында тігінші болып жұмыс істеймін. Сонымен бірге театрдың костюміне жауаптымын. Кейде қажеттісін тігіп беремін. Өзіме бұл жұмыс өте қатты ұнайды. Бала қуанса, біз де балаша мәз боламыз. Мұңаймаса екен дейміз. Жарыстарда тағат таппай, нәтижесі шыққанша асығамын. Жүлделі орыннан көрінсек шын жүректен қуанып, әрдайым бір жылап аламын. Осылай жүргеніме 20 жылдан асып барады», — деді Людмила Власова.
Актрисаның бар арманы — жаңа ғимарат. Сахнада дайындалып, шеберлігін шыңдасам, оны өзінің ізбасарларына үйретсем дейді ол. Клоунада театрының актрисасы, костюм сақтаушысы, тігінші әрі гример. Осы төрт саланы өзі меңгерген Людмила Власова — «Қазақ саңыраулар қоғамының еңбегі сіңірген әртісі».
Күндіз аула сыпырамын, кешке театрға келемін — актер
Театрда жұмыс істейтін актер, актрисалардың бәрі жан қалауымен еңбек етеді. Шаршауды білмейді. Олар жұмыстан соң екінші жұмысына шығады.
«2011 жылы клоунадаға жұмысқа келдім. Қиындықтар көп болды. Алғашқы байқау жадымда сақталып қалыпты. Өскемен қаласына барып, бақ сынадым. Сол кезде жеңіліп қалдым. Содан тәжірибе жинап, түрлі конкурстарда өнер көрсеттім. Қазір жұмыс істеп жүргеніне он жыл толды. Биыл бенефисім өтті. Би билемеймін, ән айтпаймын, жүрегім клоунаданы қалады. Сонымен бірге кішкентай кезімнен футбол ойнаймын. Екі баланың әкесімін, бірақ көпбалалы әке болуды армандаймын. Қазір өзім балабақшада аула сыпырушы болып еңбек етіп жүрмін», — дейді Әлібек Қоңырбаев.
Жұмыстан қашпайды, жалықпайды. Актер кейінгі кезде Көңілді тапқырлар клубы арасындағы жарысқа да қатысып, үшінші орын алды. Қарағандыдан Ақтөбеге қоныс аударған ол үлгілі әке десек те болады. Ол бос уақытында екі қызымен ойнап, сабағына көмектескенді ұнатады.
Құрылғанына 20 жыл толған халықтық театрға ғимарат қажет — көркемдік жетекші
Қазіргі кезде Қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінде сайқымазақ театрына Мәдениет саласының үздігі Ербол Ермағанбетов жетекшілік етеді. Ол Т.Жүргенов атындағы театр институтын бітіріп, Атырау, Ақтөбедегі драма театрларда еңбек етті. Сонымен бірге Ақтөбедегі «Алақай» қуыршақ театрында жұмыс істеді. Қазір «Мы вас любим» театрының көркемдік жетекшісі. Мұнда барлығы 7 актер естімейді. Олар аз да болса жалақы алады.
«Аптасына үш рет екі сағаттан дайындық өткіземіз. Түрлі жанрды қамтимыз. Тек балаларға емес, үлкендерге де қызықты бағдарламамыз бар. Шынын айтсақ, біздің елде саңыраулар клоунадасы жоқ деуге болады. Тек бізде ғана тіркелген. Бірнеше рет бенефис болды», — деді ол.
Театр ұжымын көбіне балабақша, мектеп ұжымы жиі шақырады. Сонымен бірге қалада болатын түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетеді. Қазіргі кезде «Чарлинің әпкесі» қойылымын сахналауды жоспарлап жүр.
«Көпшілік қарапайым адам сайқымазақтың киімін киіп, өнер көрсетіп жүр деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде Ақтөбеде ым-ишара тілінде өнер көрсететін кәсіби клоунада бар. Қоржында 50-ге жуық бағдарлама іріктелген. Ал 20-ға жуығын сахнаға жиі алып шығамыз. Қалада құлағы мүкіс, мүгедектігі бар адамдар көп. Оларға ғимарат керек-ақ. Өз әлемінде шектеліп қалған адамдар қоғамға шығып, араласуы керек. Әр жерге көшіп жүрміз қазір. Шағын ғана екі бөлме бар. Киім қоятын орын да таппай қалады қызметкерлеріміз, — деді Ербол Ермағанбетов.
Еріктіден басталған ұжым қазір халық сүйіктісіне айналды. Ал актерлары алдағы өмірінің бәрін осы театрмен байланыстырады.