Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жандос Әлімов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарымен бөлісті. Былтыр облыс бойынша 400-ден астам тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 130 жұмыс берушіге 24 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
- Шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша тексеру де жүргізілді. Бұл салада 40-тан астам заңбұзушылық анықталды. Барлығы 6 әкімшілік жаза қолданылып, 2,7 млн теңге айыппұл салынды. Айта кетерлігі, облыста шешімін таппай тұрған еңбек дауы жоқ. Былтыр «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның «Батыс мұнай» мекемесінде жалақы дауын көтерді. Бұл реттелген жұмыс,- деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жандос Әлімов.
Айта кетейік, былтыр 80 адам өндірістік жарақат алды. Онда 13 адам көз жұмды. Көбі тау-кен, мұнай-газ саласында тіркелді. Өндірістік оқиғаларға қатысты арнайы тексеру жүргізіліп, 73 тұлғаға қатысты іс полицияға тапсырылды.
- Былтыр 8 мекеме өз жұмысшыларына 72,8 млн теңге қарыз болды. Қазір кезде тек бір іс қалды. Ол - «Mining Inert Materials» ЖШС-і. Бұл компания 138 жұмысшысына 31,6 млн теңге қарыз. Қазір банкроттық деп тану жұмысы жүріп жатыр. Заң бойынша мүлкі сатылып, бірінші жұмысшылардың қарызы өтеледі,- Жандос Әлімов.