Ақтөбеде инфекциялық стационарлардағы төсек-орын саны қысқарды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі инфекциялық стационарларда төсек-орын саны қысқарды. Қазір ондағы жүктеме 23 % құрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде өткен тәулікте 4 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бәрі де вирустың симптомды түріне шалдыққан.

«Биыл 1215 баладан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 284-і бір жасқа толмаған бала. Ал 2021-222 оқу жылында 1685 оқушыдан вирус табылды. Сонымен бірге 213 мұғалімнің ПТР сынамасы оң мән көрсетті», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.

Қазір облыстағы инфекциялық стационарларда 97 адам ем алып жатыр. Оның 12-і жансақтау бөлімінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, 14 бала бақылауда болса, оның төртеуі бір жасқа толмаған. Бәрі де үйінде. Бес жүкті әйел де медицина қызметкерлерінің нұсқамасын орындап отыр.

«Эпидахуалдың тұрақталуына байланысты аудандарда, қалада кереуеттер саны қысқартылып жатыр. Қазіргі кезде қала бойынша инфекциялық ауруханада ғана қабылдау жүреді. Ал фтизиопульмонологиялық орталыққа жатқызылу тоқтатылды. Мұндағы науқастар емделіп болған соң уақытша стационар жабылады. Қазір инфекциялық кереуеттер жүктемесі 23%, ал реанимациядағы жүктеме 20% құрап отыр», - деді Бекболат Ізбасаров.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 381 мыңнан астам адам вакцинаның екі компонентін де қабылдады. Сонымен бірге 91 мыңнан астамы ревакцинациядан өтті. Pfizer-ді 14 мыңнан астам қабылдады. Оның 10 мыңға жуығы бала, 4 мыңнан астамы бала емізетін ана. Ақтөбеліктер үшін Спутник V, Qazvac және Sinopharm қолжетімді. Емханалардағы вакцинация бөлмелері сенбі, жексенбі күндері жұмыс істейді.