Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабындағы мүгедектігі бар, көпбалалы отбасылар мен мемлекеттік, бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін азаматтарға берілген үйдің тұрғындары күткен қорытынды шықты. Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 қабатты көппәтерлі үйге «Технадзор Групп» ЖШС тексеру жүргізді.
- Тексеру нәтижесі бойынша ғимараттың жалпы құрылымының бұзылмағаны анықталды. Үйдің негізгі көтергіш бөліктері, яғни, ішкі және сыртқы қабырғасындағы панельдері мен қабатаралық тақтатасында толық тесіп өтетін жарықтар, қауіпті өзгеріс немесе құрылымға қауіп төндіретін ақау анықталмаған. Ғимарат және оның негізгі көтергіш бөліктері қисаймаған. Сондай-ақ көтергіш қабырға панельдері орнынан ығыспаған. Мамандар ғимарат қауіпсіз деген қорытындыға келді. Техникалық қорытынды құрылыс конструкцияларына жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша әзірленді, - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Пәтерлер арасындағы жарықты, сызатты үйді салған «Ақтөбе сәулет» ЖШС жөндейді. Жұмыстың бәрі кепілдік аясында атқарылады. Айгүл Байменованың айтуынша, мердігер компания өкілдері пәтер иелерімен кездесіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Еске салсақ, Есет батыр тұрғын алабындағы 9 қабатты үй тұрғындары күні-түні қорқып отырғанын айтты. Олар бұл баспананы ондаған жыл күтіп, қазір ай сайын несие төлеп отыр.