Ақтөбеде мобильді топтары, жергілікті полиция қызметкерлері Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қабылдаған қаулының орындалуын бақылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес 476 хаттама толтырылып, 53 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Тіркелген фактінің 23,5% кәсіпкерлер жұмыс уақытын ескермеді, шектеу талабын сақтамады. Бетперде тақпайтындар мен әлеуметтік арақашықтықты сақтамайтындар да бар. Дене қызуын өлшемей қызметкерлерді жұмысқа жібереді, жұмыс істеуге рұқсаты жоқ нысан иелері қызмет көрсетеді.
Ал тұрғындар той, қыз ұзату салтанатын әлі де өткізіп жатыр. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті облыс тұрғындарын коронавирус инфекциясының алдын алу үшін мерекелік шараларды, той, отбасылық жиынды тоқтата тұруға кеңес береді», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Айсәуле Оралбаева.
Айта кетейік, соңғы тәулікте үш адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның біреуі симптомсыз. Вирус жұқтырғандардың бірі 82 жастағы қария, екіншісі 56 жастағы ер адам. Облыста жалпы 3221 адамнан вирус анықталды. Оның 93,4% жазылды.