Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, байланыс мұнарасы дүкеннің үстіне құлаған. Салдарынан үш адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде олардың денсаулығы қалыпты. Олар түрлі жарақат алған және денесінің бірнеше жерін жырып кеткен. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді.
— Қатты желдің салдарынан бірнеше нысан зақымданды. Өңір басшысы Асхат Шахаровтың тапсырмасы бойынша қажетті іс-шараларды үйлестіру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтың жетекшілігімен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия құрылды. Қазіргі уақытта нысандарға келтірілген залалды бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан орталығында электр энергиясы мен ұялы байланыс қызметін қалпына келтіру үшін авариялық бригадалар жұмыс істеп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданады, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазір инфрақұрылымды қалпына келтіруге жауапты мекемелер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы орган өкілдері оқиға салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді ыждағаттамақ.
Еске салсақ, маусым айында Ақтөбеде қатты дауыл болып, бірнеше ағаш құлады, тұрғын үйлердің шатыры ұшты.