Шатыр ұшып, ағаш құлады: Ақтөбеде дауылдан кейін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Қатты дауыл кезінде Ақтөбеде 2 көпқабатты, 5 жер үйдің шатыры ұшты. Қазір бірнеше тұрғын алап жарықсыз отыр.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін қалада солтүстік-шығыстан соққан жел бағыты оңтүстік-батысқа ауысты. Арты қатты дауылға ұласып, желдің екпіні 30м/с жетті. Сол кезде коммуналдық қызмет бригадалары күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
- Дауыл салдарынан құлаған ағаштарды жинауға 10 мердігер ұйымның жұмыс бригадалары тартылды. Олар Астана ауданы бойынша 9 учаскеде, Алматы ауданы бойынша 7 учаскеде жұмыс жүргізіп жатыр. Ал көпқабатты үйлердің аула аумақтарында құлаған ағаштарды шығару жұмысын ПИК, және мүлік иелері бірлестігінің төрағалары ұйымдастырады. Сонымен қатар, қатты дауыл әсерінен 2 көпқабатты үйдің және 5 жеке тұрғын үйдің шатыры бүлінген,- деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қаланы жарықпен қамтып отырған «Энергосистема» ЖШС-і де күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Мұнда да жедел штаб құрылды.
- Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының 5 ауданында, Қурайлы, Пригородный тұрғын алаптарында электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және туындаған ақауларды жедел жою мақсатында кәсіпорынның қосымша күші жұмылдырылды. Қазіргі таңда 10 авариялық бригада мен арнайы техника жұмыс атқарып жатыр. Қажет болған жағдайда қосымша бригадалар мен техникалар тартылады,- деп хабарлады баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде нөсер жауыннан соң 100-ден астам ассенизатор тәуліктік кезекшілікке шығарылды.