ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облыстық департамент басшысы Айбек Ғалымжановтың айтуынша, облыстағы орташа жалақы 440 520 теңгені болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайызға өсім бар.
— Ең жоғары орташа жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібінде — 742 740 теңге, көлік және қоймалау саласында — 641 353 теңге, қаржы секторында — 650 823 теңге, — деді Айбек Ғалымжанов.
Ал 2026 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз болды, бұл дегеніміз 20 мыңнан астам адам. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі — 2,4 пайыз.
— Облыста 489 416 адам — негізгі жұмыс күші. Оның 95,4 пайызы, яғни 467 мыңға жуығы жұмыспен қамтылған. Жұмыс орындарын ашумен қатар, олардың сапасын арттыру, кадрдың сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету және мамандар даярлауда экономика сұранысына сәйкестендіру маңызды болып қала береді, — деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облыстық департамент басшысы Айбек Ғалымжанов.
Еске салсақ, Ұлттық экономика министрлігі 2019-2026 жылдар аралығында елімізде негізгі әлеуметтік төлемдер айтарлықтай өскенін мәлімдеді. Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 2 есе өсіп, 42,5 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайды.