Ақтөбеде келер жылы 12 ауылға газ, 12 ауылға су құбыры тартылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – 2023 жылы Ақтөбеге 1 трлн теңге инвестиция тартылады. Сонымен бірге 12 ауылға газ, 12 ауылға орталықтандырылған ауыз су беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті бекітті. Үш жылдық бюджет 1,4 трлн теңгеден асады. Келер жылы облыс бюджеті 462,6 млрд теңгені құрайды. Қазына қаржысының көбі әлеуметтік салаға тиесілі.

«Біз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және өңір тұрғындарына қолайлы жағдайлар жасау үшін барлық салада жұмысты қарқынмен жалғастыратын боламыз. 2023 жылға келесі жоспарларымызды құрып отырмыз:

- кемінде 1 трлн теңге инвестиция тарту;

- өңір экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін 21,3%-дан 25% – ға дейін ұлғайту;

- 4,9 млрд теңгеге 5 мың халқы бар 12 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету (халықты ауыз сумен қамту деңгейі – 98,8%);

- 10,5 млрд теңгеге 9 мың халқы бар 12 ауылға көгілдір отынын жеткізу (халықты газбен қамту деңгейі – 94,4%);

- автожолдарды жөндеу және салу бойынша 37,4 млрд теңгеге 763 шақырым немесе 129 жобаны іске асыратын боламыз (2023 жылдың соңына нормативтегі жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі - 78 %)», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы Ақтөбе облысында әлі де 60 ауыл ауыз сусыз отыр. 2025 жылға дейін барлық ауыл тіршілік нәрімен қамтамасыз етілуі тиіс болса, бұл тапсырманы орындау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

«2025 жылға дейін ауылдарды ауыз сумен қамту жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Атап айтқанда 21 ауылға орталықтандырылған ауыз су құрыбы тартылады. Оның ішінде 13-іне жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Қазір 8-інде жоба әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Тағы 15 ауылға кешенді блок модуль орнатылады. Қалған 24 ауыл тұрғындары кешенді блок модуль орнатудан бас тартты. Оларда құдық бар, тұщы су қолжетімді. Сонымен бірге 2025 жылға дейін даму әлеуеті төмен ауылдарды оңтайландыру іске асырылады»,- деді Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.

Ақтөбе облысында қазір 327 елдімекен бар. Оның 153-і немесе 47% газбен жабдықталған. Биыл 11 ауылға газ берілді. Әлі де 170 ауылға құбыр тартып, көгілдір отын жеткізу керек.

«2027 жылдың соңына дейін 95 елдімекенді газдандыру жоспарланды. Сол кезде халықтың 98 пайызы, елдімекендердің 76,2 пайызы газбен қамтамасыз етіледі», - деді Нұртай Сертаев. Ал халық саны аз ауылдар оңтайландырылады.