Ақтөбеде кезекпен жер алып, үй салған тұрғындар су мен жарық тартып беруді сұрады

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының Жаңақоныс-4 және Жаңақоныс-5 елді мекендерінде тұратын адамдар үй салып, енді газ бен электр тогын тарта алмай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан Жаңақоныс-4 және Жаңақоныс-5 елдімекендердегі жер телімі кезекте тұрған адамдарға берілген. Бірнеше жылдан бері мұнда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Алайда инфрақұрылымы әлі тартылмаған.

«Жаңақоныс-4 елдімекенінде тұрамын. Осыдан 3 жыл бұрын кезекпен 10 сотық жерімізді алдық. Сол кезде 2 жыл уақыт беріп, «құрылыс жүрмесе, қайтарым аламыз» деп ескертті. Қазір үй бар, енді газ, свет жоқ. Шағым айтып, түрлі кездесу өткізгенімізге бір жылдан асты. Үйді біз несие алып, салған едік. Салып, көшейік десек, жағдай жоқ. Ал бармасақ, бәрін тонап кетеді», - деді Жұмабек Амантурлин.

Бұл мәселе тек ауызша емес, хат түрінде де жазылып, жолданды.

«Газ мәселесін шешіп беруді сұрап, хат жазып жүрміз. Хатта мемлекеттік байқау жарияланды деп айтты. Бірақ нәтижесі жоқ», - дейді қала тұрғыны Бағдат Сейілханов.

Тұрғындар алдына жауаптылар шығып, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Бұл жобаны республикалық бюджет есебінен іске асырмақ болған жергілікті билік сұранысқа жауап болмағанын жеткізді.

«Біз бұл мәселені білеміз. Жаңақоныс-4 ауылының газ, Жаңақоныс-5 ауылының электр энергиясы мәселесі өңір басшысы мен қала әкімінің назарында бар. Бұл нысандарға республикалық бюджеттен ақша бөлінеді деген жоспар бар еді. Бірақ берілмеді. Енді жергілікті бюджеттен қарастыралады. Биыл шешілуі тиіс мәселе қатарында тұр. Бұл жұмысқа 259 миллион теңге қажет», - деді Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов.

--


Соңғы жаңалықтар