Қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралды.
Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында тәуліктік кезекшілікке тұрған үш қызметкерге Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бабы бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, былтыр қараша айында сағат 01:34 - 05:58 аралығында «С», «Н» және «И» қызмет атқару орнында ұйықтап қалып, қамауда отырған «Е» мен «К» сағат 03:36-да қашып кеткен. Олар кіреберістегі темір есіктің магниттік құлпындағы сымдарын үзіп, сыртқа емін-еркін шыққан.
- «С», «И» және «Н» салғырттық, яғни, лауазымды адамның өз мiндеттерiн тиісінше орындамай, қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан қоғамның және мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Сотталушылар «Н» және «И» кінәсін мойындады, ал «С» кінәсін мойындамады. Сот үкімімен «С», «И» және «Н» әрқайсысына 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ,- деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.