Ақтөбелік оқушылар Жаңа жыл мерекесінен кейін мектептерде ұйымдастырылатын үйірмелерге қатыса алады. Мектепте кітап оқу, театрландырылған фестиваль мен кештер өтеді. Сонымен бірге қолөнер үйірмелері жұмыс істейді.
- Қауіпсіздік сабақтары да қатар ұйымдастырылады. Сонымен бірге музей, ғылыми орталықтар мен тарихи орындарға барып, спорттық шараларға қатысады. Қайырымдылық акциясы да өтеді,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ал «Жан ахуал» психологиялық қолдау орталығы оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге тренинг ұйымдастырады.
- Мамандар балалар мен жасөспірімдердің көңілін көтеріп, өзін-өзі тануына көмектеседі.
Оқушылар бір-бірін түсініп, өзін бағалауды да меңгереді. Жеке шекараны қорғау, алға мақсат қойып, болашақ жоспарын құру психологиялық тренингі өтеді. Ата-аналар болса баламен тіл табысу, оларды түсінуді үйренеді. Орталықта Call орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Биыл 900-ден астам адам хабарласты. Жалпы орталықта 2 мыңнан астам адам консультация алса, оның көбі бала,- деп хабарлады «Жан ахуалы» орталығы.
Айта кетейік, елімізде қысқы каникул кезеңі 2025 жылдың 29 желтоқсаны мен 2026 жылдың 7 қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады.