Ақтөбе облысында қызылша дерті биыл ақпан айында тіркеліп, өсе бастады.
Қазіргі кезде 359 науқас тексеріліп, олардың 276-ына қызылша диагнозы қойылды. Науқастардың 85%-ы — балалар.
— Бүгінгі таңда Ақтөбе облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 43 адам ем алып жатыр. Оның бесеуі ересек болса, өзгесі бала. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны -10. Балалар қызылшаға қарсы екі рет екпе алады. 1 жасында және 6 жасында. Егер де 30 жасқа дейін вакцинаның екінші компонентін немесе вакцинаны алмаса, осы кезде жасатуы керек. Медицина саласының қызметкерлеріне келер болсақ, эпидемиологиялық жағдайға байланысты 55 жасқа дейін алады, — деді Ақтөбе облысының бас педиатры Нұргүл Сарманова.
Қазір қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасында 50 кереует болса, оның 10-ы ересектерге, өзгесі балаларға арналған.
Сонымен бірге әр ауданда екі кереует дайындалды. Қазір Шалқарда бір, Байғанин ауданында 1 адам емделіп жатыр.
— Соңғы рет 2019 жылы осындай жағдай болды. Сондан кейін 2023 жылы тіркеліп тұр. Жағдай күрделі деп айтуға болады. Себебі қызылша жұқтырғандар әлі тіркеліп жатыр. Әсіресе екпе алмаған балаларда кездесіп жатыр. Қыркүйек айы басталғанда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына келіп, көмек сұрайтындар көбейді. Қуаныштысы — асқынған жоқ, — деді Нұргүл Сарманова.