Ақтөбеде көгершін бағатындар арнайы көрме өткізді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде көгершін бағып, оны көбейтіп отырғандар арнайы көрме өткізді. Құс өсірушілер Ресейден де келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша «Чужая белая и рябой» көгіршін өсіретіндер мен әуесқойлар қоғамдық бірлестігі Республика күніне арнап көрме өткізді.

Оған еліміздің бірнеше өңірінен және Ресейден құс бағып жүрген адамдар қатысты. Бірі мұны бизнес етіп саудаласа, екіншісі жаңа тұқым алып, бір-біріне алмастырды.

«Қоғамдық бірлестікте 60 адам бар. Бірақ көгершін өсіретіндер саны одан да көп. Шамамен 200-ге жуықтайды. Бұл көрмеге 30 түрлі көгершін әкелінді. Азиялық, яғни, Ташкенттің құстары бар. Біріншіден, бағасы құнды. Екіншіден сапасы жақсы. Қазақстанда ғана емес, Еуропада жоғары бағаланады. Сапасы туралы айтар болсам, көгіршіннің өз параметрі болады. Айдары, аяғының қауырсыны 2-3 қатар, мойнының ұзындығы, жүріс-тұрысына дейін бағаланады. Айдары ашылып тұрған гүлдей болады. Ресейден әдемілік үшін ұстайтын көгершін келді. Тауыс құсқа ұқсас», - деді ұйымдастырушылардың бірі Төремұрат Батырғарин. Ол қазіргі кезде 80-ге жуық құс бағады. Айына екі қап жем алады. Әрі вакцина салып, күтімін жасайды.

«Өзім теміржолшымын. Көгершінді бастауыш сынып оқығанда ұстап, бақтым. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Дәрумен беру, вакцина салу, ауырса ем жүргізу жолын жетік меңгерген. Тіпті шомылдыру уақыты, ұшырып, қораға қайта қамаудың да жолдары бар. Вакцинаны әр көгершінге жеке өзім егемін», - деді ол.

Ал кейбір ақтөбелік мүгедек баласына терапиялық ем жүргізу үшін бағады. Бірер жыл бұрын дәрігерлер кеңес беріп, қаз-үйрекпен бірге көгершін өсіруді жөн көрді.

«Екі балам ерекше күтімді қажет етеді. Жүйке жүйесін тыныштандыру үшін дәрігерлер де, өзге адамдар да осы бағытта ем жүргізуге болатынын айтты. Сөйтіп біз де ақтөбелік құс өсірушілердің қатарына қосылдық. Өзімізде 30-ға жуық көгершін бар. Балаларым қарайды. Көгершін жылы жерді жақсы көреді. Далаға серуендетеміз, өздері қораға барады. Кейде шатырға да ұстаймыз. Көрмеде адамдар бізге көгершіннің бірнеше түрін берді. Ресейден келгендер бір данасын 8 мың теңгеге сатты. Қызыққанымызбен, сатып ала алмадық. Тауыс сияқты ақ құсты үйдің ішінде де бағуға болады», - деді Зина Сұлтанова.

Көгершіннің жемін беріп қана қоймай, арнайы ойындарын да ойнатып тұру керек. Бұл көрме-жәрмеңкеде сыналады.

«Асыл тұқымды көгершіндерді түр-түсіне қарай ажырата аламыз. Ал ұшқан кезде бірі айналып, ойнайды. Кейбірі бір жерде тұрып, қанатын қағады. Сонымен бірге алысқа ұшып, қызықтырады. Өзімде 30-ға жуық құс бар. Жел күні адасып кетеді, ал өзге кезде ұшырамыз», - Нұртай Мұратов.

Айта кетейік, көрме кезінде қаны таза, өнерлі, әдемі көгершін иелеріне арнайы алғыс хат пен кубок берілді.