Ақтөбеде «Көк тудың желбірегені» атты париоттық әндер концерті өтті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Көк тудың желбірегені» атты жоба аясында патриоттық әндер концерті өтті. Республикалық жоба аясында әнші Ескендір Ибрагимовпен қатар ақтөбеліктер өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Еліміздің бірнеше облысын аралап үлгерген «Көк тудың желбірегені» атты жоба ақтөбеліктерге әсерлі кеш сыйлады.

«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы мен «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты бірлесіп Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттауға, мемлекет рәміздердің 25 жылдық мерейтойына арнап жаңа жобаны қолға алды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан соң жастармен, «Жас Отан» жастар қанатымен бірігіп, халыққа жеткізу үшін жолға шықтық. Әрі биыл рәміздердің 25 жылдық мерейтойы болады. «Көк тудың желбірегені» атты жоба аясында алдымен оңтүстік өңірін аралап, Ақтөбеге келдік. Өнер ол -идеология. Сондықтан жастарға жол көрсету біздің міндетіміз»,- деді ҚР «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші, композитор Ескендір Ибрагим. Әнші концерт кезінде «Көк тудың желбірегені», «Аманат», «Алтын тұлпар», «Мәңгілік ел», «Батырлар ұраны», «Жерім менің» атты әндерін шырқады. Жоба аясында Жетесовтер отбасылық үлгідегі ансамблі мен  №3 музыкалық мектептің оқушылары өнер көрсеттті.

«Жаңа жоба Елбасы мақаласын жүзеге асыруға арналған нақты қадам болып саналады. Жастар үлес қосып, ақтөбеліктер қолдап, іске асырып жатыр. Мәңгілік ел, Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Жастар ел болашағы»,- деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары  Нұрхан  Ағниязов.

Айта кетейік, концерт еліміздің барлық аймағында өтеді. Оған қоғам және спорт қайраткерлері, облыстық мәслихат депутаттары, жас патриоттар академиясының мүшелері, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушылар, жас ақындар мен мектеп оқушылары қатысады.