Ақтөбеде қоқыс полигонынан өрт шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Өрт бір жарым сағат ішінде сөндірілгенімен, әлі бықсып жатыр. Енді сол аумаққа құм төселіп жатыр.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигонындағы өрт сағат 15:36-да тіркелді. Ал сағат 17:02-де қызыл жалын сөндірілді. Ауданы - 600 шаршы метр.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі

- Өрт полигонның жаңа бөлігіндегі 18 картаның екеуінде болды. Ал қалған 16 картаға бұған дейін топырақ төселіп, алдын алу жұмысы жүргізілген. Өрт қайта тұтанып, қаланы түтін баспас үшін төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдары бірге жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан 54 адам, 25 КамАЗ, 3 бульдозер, 7 тиегіш, 5 ассенизаторлық техника және 3 МДК техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар, ТЖД-дан 48 қызметкер мен 11 техника тартылды,- деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, сәуір айының басында Атыраудағы қоқыс полигонынан өрт шығып, кейін толықтай сөндірілді.