Ақтөбеде көктайғақ салдарынан облыстық маңызы бар жолдар жабылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында бірнеше бағыттағы жолдар жабылды. Облыста қазір көктайғақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, республикалық, облыстық маңызы бар төрт жол жабылды. Сағат 18:45-те жаңбыр арты көктайғаққа ұласып, «Қобда-Мәртөк» тас жолының 0 шақырымынан 82-шақырымына дейінгі аралығы жабылды. Дәл осы уақытта «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолының 16,5 шақырымынан 191 шақырымына дейінгі аралықта барлық автокөлік түріне қозғалыс тоқтатылды.

«Күн райының нашарлауына байланысты облыстық маңызы бар «Шұбарқұдық-Қобда-Соль Илецк» тас жолының 125 шақырымынан (Ойыл ауылы) 265 шақырымына дейін (Қобда ауылы) барлық автокөлік түріне қозғалыс шектелді. Жолға шығу өте қауіпті екенін ескертеміз», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ал, сағат 21:20-да республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Орск» тас жолының 39 шақырымындағы Ш. Қалдаяқов ауылынан РФ шекарасына дейін жүк және жолаушы автокөліктері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.