Ақтөбеде қоқыс полигоны өртеніп, қаланы тағы түтін басты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қоқыс полигоны түнде өртене бастады. Қазіргі кезде бықсып, қаланы түтін басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, полигондағы өрт 25 тамыз күні тіркелген.

«Сөндіру жұмыстарына өрт сөндіру бөлімдерінен 40 өрт сөндіруші барды. Сонымен бірге «Батыс Ақтөбе» ЖШС-нен жұмысшылар болды. 20 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда бықсыған қоқысты құммен жабу жұмыстары атқарылып жатыр»,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, биыл маусым айының басында қоқыс полигоны өртеніп, қаланы көк түтін басқан болатын.


Сол кезде экологтар тексеру жүргізді.

«Зертханалық талдау бөлімінің мамандары талдау жүргізді. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, көміртегі оксиді 4,44 есе, азот диоксиді 16,3 есе, күкірт диоксиді 13,9 есе асып тұр. Экология департаменті қоқыс полигонына жауапты «Табыс Ақтөбе» ЖШС-іне жоспардан тыс тексеру тағайындады», - деген еді Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов.

Экологтар кейін айыппұл салды.

Жоспар бойынша 2007 жылы ашылған қоқыс полигоны биыл жабылып, түгел құммен жабылуы тиіс. Ол үшін бюджеттен шамамен 160 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңасы биыл қолданысқа беріледі. Ауданы - 18 га.