Ақтөбе қаласындағы жалғыз қоқыс полигоны тағы да отқа оранды. Қазіргі кезде өрт сөндірушілер мен мердігер компания жұмысшылары сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бүгін сағат 15:50-де қалалық қоқыс полигонының өртенгені туралы ақпарат түсті. Өрт сөндіру қызметінен 8 адам мен 2 техника жіберілді. Сонымен бірге серіктестіктің 12 жұмысшысы мен 3 техникасы жұмылдырылды. Қазіргі кезде сөндіру жұмысы жалғасып жатыр. Шамамен аумағы 500 шаршы метр болады», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 16 шілде күні Ақтөбеде қоқыс полигоны өртеніп, қаланы көк түтін басқан еді. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінен 23 адам және 7 техника жіберілген болатын.