Еске салсақ, Ақтөбе қаласында қоқыс шығаратын «Таза қала» компаниясы банкрот болып, «Ақжол LTD» ЖШС да өз қызмет көрсетуден бас тартқан болатын. Сол кезде жергілікті әкімдік қала территориясын 10-ға бөліп, оның әрқайсысына қызмет ететін компанияны конкурстық негізде қайта қабылдады. Оларды көпшілік алдында таныстырып, байланыс телефондарын да таратты. Алайда, бұл компаниялардың қоқыс шығаратын арнайы техникасы болмай шықты. Халықтан арыз-шағымдар көбейген.
Қоқыстың уақытылы шығарылуы мен тазалықты бақылайтын Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындардың арыз-шағымы ескеріліп, қалдықтарды шығару жұмыстарымен айналысатын операторларға тексеру жүргізілді.
Айта кетейік, қоқыс шығаруды өз міндетіне алған басқарушы компаниялар көліктің аз екенін мойындап отыр. №1 басқарушы компанияның басшысы Талғат Қибаштың айтуынша, арнайы көлік бұзылып, аумаққа бекітілген 4 көлік тұрмыстық қалдықты жинап үлгере алмай жатыр. Ал №5 басқару компаниясы диван, кресло, құрылыс материалдарын шығару үшін арнайы техника қажет екенін жеткізді.