Ақтөбеде Көкжиде құмындағы жерасты және жерүсті суына мониторинг жүргізіледі

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде «Көкжиде құмы» жерасты және жерүсті сулары сапасының мониторингіне 97 млн теңге бөлінді.

Ақтөбе облыстық табиғи ресрустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы «Көкжиде құмына» мониторинг жасау үшін Мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізді. Конкурсқа барлығы үш компания қатысып, «Ақпан» ЖШС-і жеңімпаз атанды. Жоба құны – 97 млн теңге. Тапсырыс берушінің талабына сүйенсек, сынамалар дұрыс іріктелуі тиіс. Зерттеу кезінде мердігер кез келген немесе бірнеше аккредиттелген зертханаларда талдау жүргізуге құқылы. Сынамаларды өңдеу уақыты зертхананың мүмкіндігіне байланысты болады, бірақ келісілген мерзімде қорытындысы шығуы тиіс. Көкжиде құмды массивінің жерасты және жерүсті суларының сапасына мониторингтік бақылау жүргізудің негізгі мақсаты - техногендік ластануын анықтау және қорғау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу. Құжатта мониторингтік бақылау қыс, көктем, жаз, күзде жүргізіледі деп көрсетілген.

Тексерілетін ұғымалар: 

- Құм массиві шегіндегі жер асты суларының мемлекеттік мониторингтік желісінің бақылау пункттерінде 20 ұңғыма;

- Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ведомстволық мониторингтік желісінде 12 ұңғыма;

- Көкжиде кен орнының мониторингтік желісіде 38 ұңғыма;

- «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да 8 ұңғыма;

- «Фирма АДА Ойл» ЖШС-де 23 ұңғыма;

- «КМК Мұнай» ЖШС-де 15 ұңғыма;

- «Өріктау Оперейтинг» ЖШС-де 3 ұңғыма;

- «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС-де 5 ұңғыма. 

Айта кетейік, су сынамасы су тасқынына дейін, су тасқыны кезінде және кейін алынады. 

Еске салсақ, былтыр желтоқсанда Ақтөбеге ғалымдар мен табиғат жанашырлары жиналып, мұнай өндіріліп жатқан «Көкжиде» кен орнындағы таза суды қалай сақтап қалуға болатынын талқылады. Қазіргі кезде мұнда 5 компания «қара алтын» өндірісімен айналысады. Жыл сайын судың ластану дерегі тіркеліп тұр.