Ақтөбеде көліктердің қар құрсауында қалуына жол тазалаушылар кінәлі
00:15, 13 Қараша 2019
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» компаниясы қар жауған кезде жолды уақытылы тазалап үлгермеді. Себебі техникасы ескірген. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов облыс әкімдігінде өткен жиында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында қыста өңірдегі жолдарды күтіп ұстау мәселесі талқыланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, 3 қараша күні «Самара-Шымкент» тасжолының Қарабұтақ ауылынан Қызылорда шекарасына дейінгі аумағы жабылды. Ал 4 қарашада Ырғыздан Қалыбай ауылына дейінгі жолда 196 көлік, соның ішінде Тәжікстанның 16 азаматы мінген автобус болды. 8 тұрақты жылыту бекеті ашылып, оның алтауына 212 адам эвакуацияланған. 4 күн ішінде қар құрсауынан 230 адам, оның ішінде 38 бала эвакуацияланып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.