Ақтөбеде коммуналдық мекеме тұтынушылардың миллиондаған қаржысын қайтарып берді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі көпқабатты тұрғын үйдің әр пәтерін электр тогына жалғауы тиіс «Энергосистема» серіктестігі қызметі үшін 2 500 теңгеден жинап алған. Тұтынушылар оған 10,5 миллион теңге төледі. Ал бұл қызметті құрылыс компаниясы өтеген болатын. Ақтөбе облыстық прокуратурасының тексеруінен соң тұтынушылардың миллиондары кері қайтарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Энергосистема» серіктестігі 4 мыңнан астам тұтынушысына шығын келтірді. Құрылыс компаниясы электр тогын жалғау қызметі үшін ақы төлегенімен, коммуналдық мекеме әр пәтерден 2 500 теңгеден жинап алған. Прокуратура табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау заңдылығын тексеру кезінде шығынды анықтап, 10,5 миллион теңге тұтынушыларға қайтарылды. Сонымен қатар, коммуналдық мекеме өзіне тиесілі емес электр тогына қызмет көрсету өтініштерін қарау мерзімін бұзған»,- деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметкері Нұрлыбек Абатов.

Айта кетейік, табиғи монополия заңдылығын бұзған «Энергосистема» серіктестігі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3,5 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, 14 прокурорлық тексеру кезінде 18 монополия субьектісі әкімшілік жауапқа тартылды.

Алтынай Сағындықова