Ақтөбеде көпқабатты үй тұрғындары тоңып отыр

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында көпқабатты үй тұрғындары тоңып отыр. Олар жылыту маусымы басталғалы бері жылу батареяларының ысымағанын айтып, шағымданды.

Есет батыр тұрғын алабындағы №21 үйдің тұрғындары жаңа жылыту маусымында тоңып отырғанын айтып, жиналды. Олардың бірі үй ішінде қалың киініп жүретінін жеткізсе, кейбірі балкон есігін қымтап қойған, пластикалық терезе резеңкесін ауыстырып, жылу батареяларының ауасын да уақытылы шығарған. Тіпті жылу беру мекемесін шақыртып, тексеруді талап еткен.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

- Үйде кішкентай балам бар. Қазір ауырып жүр. Бұл мәселе туралы айтқан кезде көрсетіп, түсіндіреді. Бірақ олар біздің емес, өзгелердің жылу құбырындағы жағдайды қарап, өлшеп, көрсетіп жүр екен. Кейін пәтер ішінің салқын болғанын өзімізден көрді. Балконды қысқа дайындап, терезе резеңкелері де ауыстырылды,- деді көпқабатты үй тұрғыны Ақжарқын Турабаева.

Есет батыр тұрғын алабындағы 9 қабатты үй 2013 жылы пайдалануға берілген. Бұл үйлер кезекте тұрған көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға, мемлекеттік қызметкерлер қоныстанған. Қазір де солар тұрады.

- Үйміз салқын. Ыстық судың орнына қанжылым су ағады. Тіпті сол жылы суды ысытып, ыдыс жуып жатыр кейде. Жылыту маусымы басталғалы осындай. Батареялар ысымайды, тек жылы ғана. Өзімнің жасым 60-қа келді. Зейнетақымызды осыған беріп отырмыз,- деді Бөкенбай Сағындықов.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл үйге «Адал қызмет» үй басқарушы мекемесі қызмет көрсетеді. Шағым айтылған соң қайта тексеріп, реттеу жұмысы жүргізілді.

- Подьезді қарап шықты. Бірінші элеватордағы насос жылуды көбірек алып кеткен. Соны реттеп, қайта қалпына келтірдік. Қазір жылу көтеріліп жатыр. Ол менің кінәм емес, техника, - деді «Адал қызмет» үй басқарушы мекемесінің басшысы Дәулет Нұрланов.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында 1800-ден астам көпқабатты үй бар. Оның 1500-ден астамында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабының тұрғындары бұған дейін жылуды әр шаршы метріне төлеуге қарсы болды.