Оқиға кеше Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. Бейнебақылау камерасынан ер адамның әйел жанына барып сөйлескенін, кейін әйел орнынан тұрып кеткенде артынан пышақ сұққанын көруге болады. Одан әрі сүйреп, қуысқа алып кеткен.
— Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе қаласында әйелді өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері Атырау қаласының 28 жастағы тұрғынын анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті мен марқұм әйел бұрын таныс болған. Араларында туындаған жанжал барысында ер адам әйелге пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстың себептері анықталуда. Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді, — деді Ақтөбе облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаров.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оралда ер адамды пышақтап өлтірген күдікті ұсталды. Қаласындағы К.Циолковский көшесінде орналасқан үйлердің бірінің маңынан зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылды.