Өңірде карантин шектеуі жеңілдеді. Енді лагерьлер мен жазғы мектеп еш кедергісіз жұмыс істей алады. Сонымен бірге базар, сауда үйлері де жұмысын ішкі тәртіпке сай жүргізеді. Ойын-сауық орталықтарындағы балалар алаңы да ашылды. Дегенмен эпидемиологтар «жасыл» аймақтамыз деп сақтық шарасын естен шығармауға үндеді.
Бір тәулікте 27 адамнан коронавиру инфекциясы анықталды. Оның 22-і симптомды. Ақтөбе қаласымен қатар Ырғыз, Мұғалжар, Хромтау аудандарының тұрғындары ауырып, ем іздеген. Жалпы алғанда бүгінге дейін 11334 жағдай тіркелсе, оның 94 пайызға жуығы жазылды. Қазір үй карантиніндегі адам саны 3 мыңға жуықтайды.
«Бүгінде инфекциялық ауруханаларда 268 адам ем алып жатыр. Оның 190-ы Ақтөбе қаласында. Жансақтау бөлімінде 22 науқас бар. Денсаулығы нашарлаған бес науқас өкпені жаснды желдету аппаратына қосылды. Әлі де 47 бала дәрігерлер бақылауында болса, оның 8-і стационарлық ем алып жатыр. Барлығы 34 жүкті әйелдің де 8-і ауруханаға жатқызылды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Өңірде инфекциялық стационарлар жүктемісі 19,7, ал жансақтау бөліміндегі кереует жүктемесі 13,7 % құрайды.