Ақтөбеде коронавирус жұқтырған балалар мен жүкті келіншектерді дәрігерлер бақылайды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі инфекциялық стационарларда 197 адам ем алып жатыр. Оның 18-і жансақтау бөлімінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы коронавирус матрицасы бойынша «сары» аймаққа өтті . Бір тәулікте өңірде 35 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қазір өңір бойынша 200-ге жуық адам ауруханада жатыр.

«Қазір облыста инфекция жұқтырған 17 бала бақылауға алынған. Оның біреуі ауруханада. Сонымен бірге он жүкті келіншектің үшеуі емделіп жатыр. Дәрігерлер бақылауына алған. Карантин стационарларында 17 адам бар. Бәрі аудандарда орналасқан. Инфекциялық кереует жүктемесі 45 пайыздан асса, жансақтау бөліміндегі төсек-орын жүктемесі 24,6 пайыз», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров. Дәрігерлер тұмау белгісі пайда болғанда бірден дәрігер көмегіне жүгіну қажет екенін еске салады.

«Мониторинг топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес 443 айыппұл салынды. Айыппұл көлемі 54 млн теңгеден асады. Үйлестіру орталықтарынан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 48 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша 48 объектіге 7 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қауіп сейілген жоқ. Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықты сақтауға шақырамын», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.