Ақтөбеде краннан құлаған жұмысшының қалай мерт болғанын тексеруде

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС-нің жұмысшысы Олег Ольхов қаза тапты. Кранды жөндемек болған жұмысшы биіктіктен құлап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылыс компаниясында қайғылы жағдай тіркелді. 47 жастағы электрші краннан құлап, мерт болды. Қазіргі кезде Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы арнайы комиссия құрып, тексеру жұмыстарын бастады.

«Құрылыс компаниясы бір жұмысшының қаза болғанын хабарлады. Алдағы уақытта комиссия тексеріп, оқиғаның нақты себебін анықтайды. Бұл жерде жұмысшы әлде жұмыс беруші кінәлі ме деген сұрақ қаралады. Кейін тексеру қорытындысы құқық қорғау органдарына жолданады»,- деді инспектор Данияр Сарыбаев.

Айта кетейік, «Ақтөбе-Сәулет» құрылыс компаниясы жұмысшының қазасы туралы ешқандай ақпарат таратпады. 

Фото: polit.ru