Ақтөбеде күн сайын вакцина салдырғандар қатары артып келеді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде акция басталғалы вакцина салдыратындар қатары артты. Қазіргі кезде күніне 2 500-3 000 адам екпе алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе «сары» аймақта. Бір тәулікте тағы 63 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың 39-ы дерттің симптомды түріне шалдыққан. Ақтөбе облысында 193 адам инфекциялық стационарда жатыр. 25 науқас жансақтау бөлімінде болса, оның 6-ы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Инфекциялық кереует жүктемесі 44,7 пайыз, ал жансақтау бөлімінің жүктемесі 37,9 пайызды құрады.

«Ақтөбеде вакцина алған 32 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталып отыр. Оның 10-ы екі компонентті де толық алған. Кеше вакцина алған он адамнан вирус анықталса, оның алтауы бірінші, төртеуі екі компонентін де алған. Олар дертті жеңіл өткеріп жатыр. Негізі инфекцияның өршуіне «дельта» штамы әсер етіп отыр», - деді облыстық санитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Айта кетейік, өңірге барлығы 321 мың доза вакцина жеткізілген. Қазіргі 144 мыңнан астам адам бірінші, 86 452 адам екі компонентін де қабылдады.

«Емханаларда 9:00-ден 20:00-ге дейін вакцина қабылдауға мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге ірі сауда орны мен базарда жылжымалы вакинациялау бекеті орнатылды. Үлкен ұжым емханаға хабарласып, вакцина салатын медицина қызметкерлерін шақыра алады. Ал адам аз болса, емханаға барған жөн. Акцияға дейін орта есеппен күніне 1 500 адам, қазіргі кезде 2 500 – 3 000 адам екпе қабылдап жатыр. Вакцина жеткілікті», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.