Ақтөбеде құны 130 млн теңгенің саябағы үш жылдан бері қолданысқа берілмей келеді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Әкімдік мердігерді жосықсыз деп тану үшін сотқа жүгінді. Сот сквер құрылысы кезіндегі ақауларды жөндеп, әкімдікке тапсыру туралы шешім шығарды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласындағы әскери институт маңында орналасқан ұшақтар алаңы осыдан үш жыл бұрын скверге айналуы тиіс еді. 2023 жылы құрылыс аяқталмады. Күні бүгінге дейін электр тогын жүргізу, алаңды тазарту жұмысы ақсап тұр.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— «Мегастройспектр» ЖШС жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтамады. Сондықтан Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сотқа «жосықсыз қатысушы деп тану» туралы талап арыз түсірді. Сонымен бірге тапсырыс беруші келісімшарт міндеттемелерін орындау және анықталған ақауларды жоюды сұрады. Сот скверді ресми түрде тапсыру туралы шешім шығарды. Қазір осы процедуралар жүріп жатыр. Нысан тапсырылмағанына қарамастан Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, санитарлық тазалыққа жауапты мердігерлер күтіп ұстау, тазалау жұмыстарын атқарды. Өткен жазда вандалдық әрекеттердің әсерінен бүлінген нысандар қалыпқа келтірілді, абаттандыру жұмыстары жүргізілді, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Еске салсақ, жоба құны — 130 млн теңге. Осыдан екі жыл бұрын жазда балалардың ойнап, ұшақтар мен тікұшақтар ішін қиратқанын жазған болатынбыз

Мұнда жағдай әлі де өзгермеді. Балалар қоршау арасынан өтіп, ойнап, ұшақтарға сурет салып, қоқыс лақтырып кеткен. Мұнда ток жүргізілгенімен, жұмысы толық аяқталмаған.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінен бейнебақылау камерасы туралы сұрағанымызда ортақ жүйеге әлі қосылмағанын айтты.