Ақтөбеде құны 234 млн теңгенің саябағы жарамсыз күйге түсті

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қандыағаш қаласындағы саябақта шамдар іске қосылмаған, мәңгілік алау оты жағылмады, ал салынған аркалардың тіректері қирай бастады. Әкімдік мердігерді жөндеу жұмысын жүргізуге міндеттеді.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы саябақтың жобалық-сметалық құжаты 2019 жылы жасалды. С. Сейфуллин көшесіне салынған саябақ құрылысына алғашында 273 млн теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылғанымен, «Ғимарат+1» ЖШС-і 234 млн теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келіскен. Сол кезде техникалық қадағалауға 3 млн теңгеге жуық, авторлық қадағалауға 520 мың теңгеден астам қаржы да бөлінді. Құрылысы 7 айда бітуі тиіс болғанымен, 5 жылға жуық уақытқа созылып кетті. Саябақты 2023 жылы пайдалануға берді.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Қазіргі таңда Қандыағаш қаласының әкімдігі саябақты күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қала тұрғындары саябаққа бірқатар зақым келтірді. Атап айтқанда электр желі бағаналарының біршамасы ұрланып, біршамасы істен шықты. Аллеядағы жарық шамдар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері сынды. С. Сейфуллин көшесі бойындағы саябақта анықталған ақауларға байланысты аталған нысан бойынша мердігер ұйымға бірнеше рет ескерту жасалған. Алайда ескертулерге қарамастан, мердігер тарапынан кемшіліктерді жою жұмыстары уақытылы орындалмады. Осыған байланысты мердігерге қатысты қолданыстағы заңнама аясында талап арыз дайындалып, уәкілетті органға жолданды. Қазіргі уақытта мәселе бақылауда және тиісті құқықтық рәсімдер жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Мұғалжар аудандық әкімдігі.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы ашық ақпаратқа сүйенсек, тапсырыс беруші Мұғалжар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлім. Бөлім 2019-2023 жылдар аралығында жыл сайын қаржы аударған. Нақтыласақ, бюджеттен 2019 жылы 94,9 млн, 2020 жылы 10 млн, 2021 жылы 45,5 млн, 2022 жылы 30 млн, ал 2023 жылы 53,8 млн теңге бөлінген.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Еске салсақ, Мұғалжар ауданындағы пәтер кезегінде тұрған адамдарды баспанамен қамту үшін жеке тұлғаға 600 млн теңгеден астам қаржы аударылды. Бұл заңсыздықтан соң іс сотта қаралып, қаржыны кері қайтаруға шешім шығарылды. Кейін осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр