Үй де, ақша да жоқ: Ақтөбеде шенеуніктер заңсыздыққа барған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мұғалжар ауданындағы пәтер кезегінде тұрған адамдарды баспанамен қамту үшін жеке тұлғаға 600 млн теңгеден астам қаржы аударылды. Бұл заңсыздықтан соң іс сотта қаралып, қаржыны кері қайтаруға шешім шығарылды. Ал аудан әкімі қатаң сөгіс алды.

заңсыздық Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында тұратын адамдарды баспанамен қамту мақсатында бюджеттен 672 млн теңге қарастырылады. Бұл қаржы жеке тұлғаға аударылған. Себебі ол 5 қабатты үйді дайын күйінде тапсырып, ал әкімдік оны сатып алуы тиіс еді. Құжаттар дәл осылай көрсетілгенімен, іс жүзінде бірнеше заңсыздық анықталды. Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті пәтерлер қоныстануға дайын емес екенін анықтады. Үйдің жөндеу, әрлеу жұмыстары сапасыз, тіпті толық аяқталмаған болып шықты. Сонымен бірге бөлмелердің есігі орнатылмаған. Жуыну бөлмесіндегі қажетті жабдықтары жоқ болып шықты. Онда қыш тақтайшалар да жапсырылмаған. Ал еден жабындысы өте жұқа, оның астарында қорғаныш төсеніші жоқ. Тіпті жоғары қабатта төбеден су аққан.

— Мемлекеттік сатып алу рәсімі былтыр өткен. Енді былтырдан бері не үй жоқ, не ақша жоқ. Бұл биылғы тексеріс кезінде анықталды. Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті қаржыны бюджетке қайтару үшін Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берді. Талап бойынша 672 млн теңге өндірілуі тиіс. Сот арызымызды қанағаттандырды. Қазіргі кезде 359 млн теңге қайтарылды. Ақша толық қайтарылуы тиіс. Сот арқылы бөліп төлеуге рұқсат сұрады. Бірақ сот өтінішті қанағаттандырмады. Сонымен бірге негізсіз жұмсалған қаржыны қайтару шарасын қабылдамағаны үшін Мұғалжар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына ҚР ӘҚБт Кодексінің 462-баптың 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, соттқа талап арыз жолданды. Оған да айыппұл салынды. Сонымен бірге Ақтөбе облысының әкіміне ұсыныс жасап, Мұғалжар ауданының әкімі тәртіптік жазаға тартылды, қатаң сөгіс алды. Аудан әкіміне Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік шара қолдануды сұрап, ол да қатаң сөгіс алды. Процесуалдық шешім қабылдау үшін прокуратураға құжаттар жіберілді, қылмыстық іс қозғалды, — деді Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.

Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында Мұғалжар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен жеке тұлға Ақсезім Әбдікәрім арасында 70 пәтерді сатып алу келісімшарты жасалды. Келісімге сәйкес 70 пәтерге (бір бөлмелі — 20 пәтер, екі бөлмелі — 25 пәтер, үш бөлмелі — 25 пәтер) жылу жүргізілуі, қабырғаларының барлығы боялған таза түрінде болуы, еденіне линолеум жайылуы, ас бөлмесінде газ плитасы орнатылуы, жуынатын бөлмеде ванна (металл, эмальдалған болат) немесе душ кабинасы, бөлме аралық және кіре беріс темір есіктер болуы тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханадағы кереуеттің екі есе қымбат бағаға сатып алынғанын жазған едік.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Ол мектеп директорынан ақша жинатып, жұмсап жіберген. 

Соңғы жаңалықтар