Ақтөбеде құрылысы тоқтап қалған әлеуметтік нысандарға қайта қаржы бөлінді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша әлі де 12 әлеуметтік нысанның құрылысы прблемалық деп танылған. Биыл құрылысты аяқтап, спорт кешені, тұрғын үйді қолданысқа беру үшін бюджеттен қайта қаржы бөлінді.

Фото: Kazinform

Ақтөбе облысы бойынша былтыр 17 әлеуметтік нысан проблемалық деп танылып, бір бөлігіне жобалық-сметалық құжат қайта жасалды. Қазіргі кезде оның 12-і қалды. Сол нысандардың құрылысын аяқтауға бюджеттен қайта қомақты қаржы бөлінді. 

- Өңіріміздегі басты мәселелердің бірі – құрылысы ұзаққа созылған жобалар. Сондай жобалалардың бірі Байғанин және Әйтеке би аудандарындағы тұрғын үй құрылысы. Жобалық-сметалық құжатқа түзету жұмысы жүргізілді. Тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау үшін 489 млн теңге бағытталып отыр. Жыл соңына дейін 40 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі,- деді Ақтөбе облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов. 

Еске салсақ, Әйтеке би ауданында 2 қабатты 8 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталды. Мемлекеттік сатып алу кезінде «РБ-Строй» ЖШС-і жеңімпаз деп танылғанымен, құрылыс жұмысын жүргізген компания өзге. Негізі келісімшарт құны - 175 млн теңге. 2021 жылы 29 млн теңге, 32,5 млн теңге игерілді

Қазіргі кезде Хромтау ауданындағы спорт кешені, Қарғалы ауданындағы спорт кешені мен Өнер мектебінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.