Ақтөбеде құрылысты қабылдау үшін пара алған әкімдік қызметкерлері өз кінәсін мойындады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев 2 млн теңгеден астам пара алды. Сотта екеуі де кінәсін мойындады.
Бүгін Шалқар аудандық сотында Шалқар ауданының әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен аудандық үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаевқа қатысты іс қаралды. Екеуіне де Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айып тағылды.
Айыптау актісіне сүйенсек, былтыр аудандағы Қайдауыл ауылына кіреберіс жол құрылысын жүргізу үшін Мемлекеттік сатып алу конкурсы өтеді. Конкурста «Лидер-НС Строй» ЖШС-і жеңімпаз болып, ол жұмысты қосалқы мердігер «Еуропа НС» ЖШС-не тапсырады. Жоба құны — 223 796 648 теңге. Тапсырыс беруші бөлім басшысы Алтынбай Беркімбаев пайда табуды мақсат етіп, сол қосалқы мердігер мекеме басшысымен кездесіп, орындалған жұмыс жөніндегі актіні еш кедергісіз қабылдау үшін 200 мың теңге талап еткен. Мердігер қорқып, ақшаны банк есепшотына аударады.
Тағы бір эпизод аудандағы Бегімбет ауылында кәріз тазарту құрылыстарын салу жұмыстарын жүргізетін «Ел даму ырыс» ЖШС-не қатысты болды. Жоба құны — 228 224 506 теңге. Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрамбет пайда табуды ойлап, оны бөлім басшысы Алтынбай Беркімбаевқа айтады. Бөлім басшысы өз кезегінде мердігермен сөйлесіп, мемлекеттік сатып алу конкурсындағы соманың 1%-ын сұрайды. Мердігер жұмысты қабылдау, ақша аудару жұмысы қолдарында тұрған басшылардан қорқып, келісім береді. Сөйтіп өзге 2 адамның есепшотына 1 млн теңгеден аударып, қалған 300 мың теңге ақшаны Алтынбай Беркімбаевтың үйіне апарып береді. Беркімбаев ақшаның бөлігін, яғни, 1 млн теңгені Бектұрған Зайрымбеттің қызметтік бөлмесінде қолма қол табыстап, қалғанын өзіне қалдырды.
Іс Шалқар аудандық сотында қысқартылған тәртіпте қаралып жатыр. Сотталушылар сот отырысы кезінде кінәны мойындап, процестік келісімге келетінін айтты.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Ол мектеп директорынан ақша жинатып, оны жұмсап жіберген.