Ақтөбеде құрылыс нысандарына кірпіштер жетіспей жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов тұрғын үй құрылысы үшін қажетті кірпіштердің жетіспей жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 800 мың шаршы метр баспана салу керекпіз. Бұл былтырғыдан 1,5 есе көп. Қазіргі таңда ақтөбелік зауыттар қажетті кірпіштер санын шығаруға қауқарлы емес. Бұдан бөлек, ескі зауыттардағы жабдықтар кейде істен шығып қалады. Біз Қостанай және Қызылорда облыстарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, бірақ тасымалдау шығыны тұрғызылып жатқан баспананың құнына ықпал етуі мүмкін», - деді әкім.

Жергілікті кірпіш зауыттары жағдайды жақсарту үшін өндірісті кеңейтіп жатыр. Тамызда «Көктас Ақтөбе» компаниясы жаңа кірпіш зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал, қазанда Ақтөбеде газ блоктарын өндіру бойынша «Экотон» компаниясы жаңа зауытты іске қосады.