Ақтөбедегі «сақалды құрылыстар» арасында «Қазақстанның ТҮКШ дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ-ның инновациялық жобасы бар. «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданына жақын орналасқан ақылды үй үш қабаттан тұрады. Жылу, су, жарық үнемдейтін, қуатты күн мен желден алатын ақылды үй барлық тұрғын үй-коммунадық шаруашылық мекемелеріне үлгі болуы тиіс еді. Пәтер иелері кооперативі мен кондоминиум иелерін шақырып, тәжірибе алмасуға арналған алаң құрылысы 2013 жылы басталып, сол жылы іске қосылуы тиіс болатын. Әрі ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде жел мен күннен қуат алатын жобаны келушілерге көрсету жоспары қойылды. Мұндай жоба бір мезгілде Астана мен Алматы қалаларында да жүрді. Дегенмен арада 5 жыл өткенімен Ақтөбедегі құрылыс аяқталмай, нысан қараусыз қалды.
«Жоба авторы - «МАG» АҚ. Республикалық қаржыға салынған құрылысқа Құрылыс жөніндегі комитет тапсырыс берген болатын. Бірақ құрылыс бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың араласуымен биыл құрылысты облыс әкімдігіне берді. Жоспар бойынша құрылыс биыл аяқталуы тиіс. Қазір құрылысты «Рустал» ЖШС жүргізіп жатыр», - деді Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов.
Айта кетейік, биыл құрылысы ұзаққа созылған бір нысан бұзылып, біреуі қайта жаңарды. Қазіргі кезде 8 нысанда құрылыс жұмыстары қайта жанданды.
«Ақтөбе қаласы бойынша «Космос» қонақ үйі мен «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің 5 қабатты 6 үйін салу үшін инвесторлар іздеп жатырмыз»,- деді Бердияр Пірімбетов.