Ақтөбеде құс еті мен көкөніс жетіспейді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облысында өңіраралық кооперацияны дамыту жұмысы қолға алынды. Дегенмен, өңірде шығарылатын құс еті мен көкөніс ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында өңіраралық кооперацияны дамыту жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі айналым 5 миллиард теңгені құрады. Ақтөбе облысы Жамбыл, Қызылорда облыстарымен және Алматы қаласымен байланыс орнатып, бірнеше меморандумдарға қол қойылған болатын. Нәтижесінде оңтүстік өңірден көкөністер делдалсыз жеткізіліп жатыр.

«Өткен жылы Ақтөбе облысынан басқа өңірлерге жалпы сомасы 16,4 миллиард теңгені құрайтын 47 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері және 24,1 мың бас мал жіберілді. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша басқа өңірлерден жалпы құны 10,4 млрд. теңгені құрайтын 28,3 мың тонна азық-түлік өнімдері және 6 мыңнан астам мал басы жеткізілді» - деді Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сәрсембай Құсайын.

Қазіргі кезде Ақтөбеде шығарылатын өнімді Ресейдің бірнеше қаласына жеткізу үшін келіссөздер жүргізілуде. Алдағы уақытта жергілікті өнім Орынбор, Орск қалаларына жөнелтіледі.

«Бүгінгі таңда біз өзімізді құс етімен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Сондықтан да өнімділігі 10 мың тонна болатын құс фабрикасының құрылысы бұл қажеттілікті шешетін болады. Өңірді қызанақпен және қиярмен толық қамтамасыз ету қажет. Алдағы уақытта аумағы 43 гектар болатын жаңа жылыжай салынса, бұл мәселе де шешіледі»,- деді Қ. Сәрсембай.