ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әсері күшті заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Алматыдағы дәріханалардың бірінде жұмыс істейтін фармацевт өзінің қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып, күшті әсер ететін заттардың ірі көлемдегі партияларын Ақтөбе облысына жеткізуді ұйымдастырғаны анықталған.
Операция нәтижесінде қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталды. Олардың арасында ұйымдастырушы, оператор, ораушылар және заттарды жасырумен айналысқан күдіктілер бар.
Заңсыз айналымнан мыңнан астам дәрілік препарат тәркіленді.
— Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аға жедел уәкілі Үмітбек Фархадов.
Еске салайық, бұған дейін елімізде қауіпті дәрілер енді сот шешімін күтпей сатылымнан алынатынын хабарлағанбыз.