Ақтөбеде қылмыс азайды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында қылмыс 35,5 пайызға азайды. Бұл биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері Ақтөбеде 4 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Өткен жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш 6 мыңнан астып кеткен еді. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда, көпшілік жиналатын жерлерде құқықбұзушылық төмендегенін айтып отыр. Ұрлық, тонау, алаяқтық та азайды.

«Ұрлық, пәтер тонау дерегі төрт есеге азайып, орташа ауыр қылмыс үш есеге төмендеді. Қазір өңірде қарақшылық, мүлік тонау азайып келеді. Көлік пен ұялы телефон ұрлығы да бәсеңдеді. Қоғамдық көліктерде қалта қарап, адамдардың бағалы заттары мен ақшасын алып кететін адамдардың фотосы жарияланып, ілінді. Жолаушылардың сақ болуына бұл да өз әсерін тигізді. Сонымен қатар, «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» алдын-алу шарасының пайдасы мол»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шарасын өткен жылы Бас прокуратура бастап берді. Сол кезде өңірде 200-ден астам маман келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Биыл жергілікті мамандар алдын-алу, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, кәсіпкерлік негіздері туралы семинар өткізу, қылмыстық құқық бұзушылықты жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.