Ақтөбеде қымбат көлікпен көшені аралаған мектеп түлектері ҰБТ-да ең төмен нәтиже көрсетті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарт - Ақтөбе облысы Шалқар ауданының «Алтын белгі» иегерлері қымбат ақ көлікке мініп, қала ішін дабылмен аралап шыққан болатын. Елдің сынына іліккен түлектер ҰБТ кезінде облыс бойынша ең төмен балл жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында биыл 46 мектеп түлегі «Алтын белгі» алды. Ана-аналардың ұйымдастыруымен, аудан әкімдігі, білім бөлімінің қолдауымен түлектер ақ түсті шетелдік көлікке мініп, қаланың бірнеше жерін аралап, көшеде дабылмен жүріп өткен болатын. Түлектерді сол күні жол-патрульдік полициясы бастап жүрді. Бұл көрініс әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын келтіргені белгілі. 

Ал 21-24 маусым күндері аралығанда Ақтөбе облысының 15 бекетінде ҰБТ өтті. Оның 13-і ауданда, өзгесі облыс орталығында. Белгілі болғаны, өткізу пункттерінде 47 металл іздегіш құрал болды. Барлығы 150-ден астам бейнекамера аудиториялардағы тәртіпті бақылады. Ұялы телефон байланысын өшіретін 90 құрал тест кезінде іске қосылды. Ең төмен көрсеткіш - Шалқар ауданында.

«Ақтөбе облысының түлектері ҰБТ кезінде 82,4 балл жинады. Ойыл, Алға, Мұғалжар аудандары жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ал Темір, Ырғыз аудандарының көрсеткіші төмен. Аудандар бойынша Шалқар ауданы 72,1 көрсеткішімен тізім соңында тұр», - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Шалқар аудандық білім бөлімінің бас маманы Жансәуле Бекетованың айтуынша, ауданда барлығы 324 түлек ҰБТ тапсырған. «Алтын белгі» иегерлерінің бәрі шекті 50 балды жинағанымен, олардың арасында мемлекеттік гранттан күдер үзгендер де бар. 

Айта кетейік, облыста үш түлек ең жоғары 136 балл жинады. Олар М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектеп-интернатының, №23 мектеп-лицейінің және Хромтау аудандық №4 орта мектебінің түлегі. Ақтөбе республика бойынша биыл 4 орында тұр.