Ақтөбедегі жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма бүгін 9 айды қорытындылады. Биыл 444 мың гектар жер аумағының пайдаланылуы тексерілді. Барлығы 100-ден астам заңбұзушылық тіркелді. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма басшысы Әбдіхат Мырзалиннің айтуынша, 21 құқық бұзушыға 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 42 жер пайдаланушыға ескерту берілген. Ауыл шаруашылығы мақсатында берген жер телімін пайдаланбай отырғандарға тағы 1 жыл беріліп, жерді игеруге мүмкіндік жасалды. Талаптар мен ережелер туралы ескертуден соң 10 агроқұрылым 5 мың гектар жерді өз еркімен мемлекетке тапсырды.
«Жерді мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтару үшін 4 агроқұрылымға қатысты талап арыз экономикалық сотқа жолданды. Оларда 94 мың га жер телімі бар. Мәртөк ауданындағы «Казанка» ЖШС-де 2 мың, «Қарасор - А» ЖШС-де 7 мың, «Шанды - Агро» ЖШС-де 7 мың, ал Байғанин ауданындағы «Еділбай - Байғанин» ЖШС-де 78 мың гектарға жуық жерді қайтару туралы арыз сотта қаралып, қанағаттандырылды. Өңірде мемлекетке қайтарылған жерді қайта айналымға беру де мәселе болып тұр. Қазір қайтарылған жердің 33 мың гектары айналымға енгізілген жоқ»,- деді Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма басшысы Әбдіхат Мырзалин.
Ақтөбеде коммерциялық құрылыс нысандары үшін берілген жерді уақытылы пайдалана алмаған компаниялардың тізімі анықталды. Барлығы 3 гектарды құрайтын 6 жер телімі мемлекетке кері қайтарылды.
«Жерді заңсыз иемденіп алатын шаруалар да кездеседі. Биыл 16 құқықбұзушылық анықталды. Оларға 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Ақтөбенің Ойыл ауданында «КВА OIL Company» ЖШС тексеріліп, 3,11 гектар болатын мемлекет жерін өз бетінше басып алынғаны анықталды. Жер пайдаланушыға 680 мың теңге айыппұл салынды»,- деді Әбдіахат Мырзалин.