Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов еліміздің батыс өңіріндегі ең ірі мамандандырылған үстел теннисі орталығының ашылуына қатысты. Шараға Үстел теннисі федерациясының өкілдері, үстел теннисінен «AQTOBE CUP» турниріне келген спортшылар қатысты.
Бүгін орталықта үстел теннисінен «AQTOBE CUP» халықаралық турнирі басталды. Оған Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстаннан 250-ден астам спортшы қатысты. Үш күн бойы ерлер мен әйелдер жекелей және жұптық, сондай-ақ 2010 жылы туған және одан кіші спортшылар жекелей сында медальдарды сарапқа салады.
«Азаматтардың салауатты өмір салты – салауатты ұлтты қалыптастырудың негізгі шарты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуді, спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңімен салуды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – стратегиялық маңызы бар бірінші кезектегі міндет.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында биыл облыста 10 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Өңірде спорттың 70-тен астам түрі бойынша спортшыларды дайындау жұмыстары жолға қойылған. Үстел теннисімен 23 мыңға жуық ақтөбелік айналысады, 1525 секция жұмыс істейді, оның 709-ы – ауылдық жерлерде», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Орталықтың жалпы ауданы 3,8 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 16 теннис үстелі бар. Көрермен залы 450 адамға шақталған. Әртүрлі жас санатындағы кәсіби спортшыларды дайындауға және халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін орталықтың барлық корты сертификатталып, құрал-жабдықтары Еуропадан әкелінген. Осылайша, Ақтөбе – заманауи үстел теннисі орталығы жұмыс істейтін республикадағы жетінші қала.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс әкімдігі биыл 100 жаңа теннис үстелі, 1000 ракетка және 10 мың доп сатып алды. Спорт құрал-жабдықтары облыс аудандары мен қаладағы спорт орталықтары арасында бөлініп берілді.