Ақтөбеде мамандар гипсті алмастыратын пластикалық таңғыш жасап шығарды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік дәрігерлер 3D-принтердің көмігімен пластикалық таңғыш ойлап шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің практикалық дағдылар орталығы жаңа жобаны таныстырды. Бұл істі студенттер бастаған.

«Өткен жылы студенттер жаңа жобаны қолға алып, іске асыру үшін түрлі әдісті қолданды. Алдымен жұқа, жіңішке лангет шықты. Тез сынғыш дүниені қалың етіп, қайта жасатты. Бірақ қысқа лангет дайындалған. Сөйтіп ұзындығы қайта қаралды. Бір жылдық уақытымыз осы жұмысқа кетті. 3D-принтер травматология бөлімшесіндегі науқастар үшін ыңғайлы таңғыш жасаудың жолы әрі қарай жалғасады. Қолға ғана емес, аяққа да салуға болады. Балалар үшін ыңғайлы болады», - деді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеттің оқытушысы, практикалық дағдылар орталығының қызметкері Алма Елубаева.

Жүгеріден жасалған пластик таңғыштың бір данасын дайындау үшін 6-7 сағат уақыт қажет. Гипс салмағы 1-1,5 келі болса, лангеттің салмағы 50 грамм.

«Лангет гипске қарағанда рентген өткізгіш. Біз бірнеше нұсқасын дайындап, клиникалық сынамадан өткізуге жібердік. Содан кейін ғана дәрігерлер бізге қай нұсқаның оңтайлы екендігін айтады. Кемшін тұсы өңделіп, қайта тексеріледі. Яғни, өте ұзақ процесс. Бірнеше данасы жақын арада жергілікті ауруханалардың травматология бөлімшесіне береміз», - деді М.Оспанов атындағы БҚМУ оқытушысы, практикалық дағдылар орталығының басшысы Ерболат Ізтілеуов.