Футболдан бірінші лигада «Оқжетпес» түркістандық клубтан жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші турында Көкшетаудың «Оқжетпесі» қарсыласына есе жіберді.

Фото: pexels.com

Былтыр Премьер-лигада бақ сынаған көкшетаулық команда ойламаған жерден ұпай жоғалтты. Қарсыласы - Түркістан облысының «Жетісай» клубы. Бұл ұжым биыл екінші лигадан бірінші лигаға шыққан еді.

Соған қарамастан түркістандық клуб аталған кездесуде сенімді ойын көрсетті. Нәтижесінде қарсылас қақпасына жауапсыз екі гол соқты.

Осылайша «Жетісай» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.
Қазірге дейін аяқталған қалған ойындарда өз алаңында «SD Family» «Қайсар-Жасты» 3:0 есебімен жеңсе, «Қайрат-Жастар» «Таразға» 0:1 есебімен есе жіберді.

Ал «Арыс» пен «Хан Тәңірі» 0:0, «Ақтөбе-Жас» пен «Tүркістан» 1:1 есебімен тең түссе, «Екібастұз» бен «Қыран» кездесуі кейінге қалдырылды.

Енді 12 сәуірде «Каспий» мен «Алтай», «Ұлытау» мен «Ақжайық» кездеседі.

Еске салсақ, бүгін футболдан Еуропа және Конференция лигаларының ширек финалы басталады.