Ақтөбеде өткен жылы мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында «Олимп» хоккей модулі ашылған болатын. Қазір мұнда 800-ден астам бала шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Олардың арасында үздіктері де іріктеліп үлгерді. Бүгін еліміз бойынша 8 команда бақ сынаса, соның бірі Ақтөбе қаласындағы хоккей модулінде тәрбиеленетін балалар. Командалар бір апта бойы үздік өңірді анықтайды.
«Ақтөбеде мәнерлеп сырғанаудан алғаш рет Қазақстан кубогі өтіп жатыр. Өткен жылы хоккей модулі іске қосылып, қысқы спорт түрлері бойынша жүздеген балаға жол ашылды. Олар таңнан кешке дейін осы мұз айдынында жаттыға алады. Ал күзде 2 500 орынды көрермен залы бар Мұз айдыны пайдалануға беріледі. Жаңа спорт кешенінде де бірнеше республикалық жарыстарды ұйымдастырамыз», - Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Қазақстан кубогіне Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан спортшылар қатысып жатыр.
«Мен 7 жасымда мәнерлеп сырғанауға қатыстым. Алғашында жаттықтырушылар кәсіби спортпен шұғылдану үшін 3-4 жастан бастап коньки кию керек екенін айтты. Бірақ қиындықтарды еңсеріп келемін. Ел ішінде болған жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрмін. Қазір спорт шеберімін. Бүгінгі жарыста Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан командаларының спортшылары біз үшін басты қарсылас болып саналады. Жеңістен үміттімін», - деді спортшы Мерей Дүйсенбек.
Айта кетейік, жарыс 10 ақпан күні қорытындыланады.