Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен жергілікті бюджеттен бөлінетін гранттардың иегерлерін анықтау бойынша комиссия отырысы өтті. Комиссия мүшелері құжаттарды қарай келе, төмендегідей шешім шығарды.
— «Бакалавриат» бағыты бойынша бөлінген 5 орынға — 41 өтініш түскен: медицина мамандығына — 22; педиатрия мамандығына — 11; стоматология мамандығына — 8 талапкер құжат тапсырған. «Педиатрия» мамандығы бойынша 2 үміткердің арасында бірдей конкурстық балл көрсеткіші тіркелді. Яғни екеуінің де жинаған балы — 98, екеуі де үздік аттестатқа ие, сондай-ақ қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Әділдік және тең мүмкіндік қағидаттарын сақтау мақсатында екі абитуриентке де жергілікті атқарушы органның грантын тағайындау туралы шешім қабылданды, — делінген хабарламада.
«Резидентура» бағыты бойынша бөлінген 45 орынға 46 өтініш қабылданды. 18 мамандыққа талапкерлер құжат тапсырса, көрсетілген 9 мамандыққа үміткерлер өтініш білдірмеген. Сондықтан, бос грант орындары қайта бөлінді. Атап айтқанда, акушерия және гинекологияға (ересектер, балалар) 2 орын, офтальмологияға (ересектер, балалар) 3, радиологияға 4, физикалық медицина және реабилитацияға 3, эндокринологияға (ересектер, балалар) 1, аллергология және иммунологияға (ересектер, балалар) 1, психиатрияға (ересектер, балалар) 1 орын.
Жергілікті грантқа үміткерлерден құжат қабылдау Марат Оспанов атындағы медицина университетінің базасында жүргізілген еді.
Грант иегерлерінің тізімін сілтемеге өтіп көруге болады.