Ақтөбеде мектеп автобустары жаңа оқу жылына қаншалықты дайын
Ақтөбе облысы бойынша оқушыларды тасымалдауға арналған барлығы 43 автобус бар. Оның 18-і биыл жаңартылуы тиіс.
Сөйтіп алдағы екі жылда балаларды мектепке, мектептен үйге тасымалдайтын автобустар жаңаланады.
«Мектеп автобустары жеті талап бойынша тексерілді. Автобустың екі есігі де ашылып, «Абайла балалар» жазуы, арнайы белгісі болуы қажет. Сары түсті ескерту белгісі орнатылып, екі өрт сөндіру құрылғысын алып жүруі тиіс. Сонымен бірге екі дәрі-дәрмек қобдишасы сұралады. Мұның бәрі балалар қауіпсіздігі үшін арналған шара», - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев.
Полиция қызметкерлері нұсқама берді.
Ақтөбе қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, қаладағы 85 мектептің 25-інде балалар тасымалданады.
«Әрбір автобуста мектеп тәрбиешісі болады. Олар баланың қауіпсіздігіне жауапты. Алдағы уақытта жалдамалы мектеп автобустарының орнына жаңасын сатып алу сұрағы қаралады», - қалалық білім бөлімінің бас маманы Ұлжан Орынбаева.