Мектеп бітіру кешіне білім ордасы жауапты емес. Яғни, түлек 12 маусымға дейін аттестат алып, мектептен шыққан соң көңілді кеш ұйымдастыра алады. Оған ата-анасы мен түлектің өзі ғана жауапты.
«Аттестатты табыстау рәсімі мектеп қабырғасында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Құжатты табыс ету 10-12 маусым аралығында өтуі мүмкін. Ал кеш сол күндерден соң ұйымдастырылса, оған мектеп жауапты емес»,- деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлназ Мырзағалиева.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласы бойынша биыл 2600-ден астам оқушы мектеп бітіреді. Оның 2400-ден астамы ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Өзгесі мектеп аттестатымен орта арнаулы оқу орындарына оқуға түспек. Түлектер бүгін эссе жазып, емтихан тапсырды. Ал 2 маусымда орыс тілі мен таңдаулы пән бойынша тест сұрақтарына жауап береді. 6 маусымда математикадан есеп шығарып, 9 маусымда Қазақстан тарихынан ауызша емтихан алынады.