Ақтөбеде мектептер мен медицина мекемелері жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында ауыл мектептері мен медицина мекемелері жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов тиісті тапсырманы «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын жүзеге асыру тақырыбында өткен жиында берді.

Жиынға бірқатар мемлекеттік орган басшылары және Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев баяндама жасады.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 281 ауылдық мектеп бар болса, оның 262-сі немесе 93,2
пайызы жылдамдығы 8 Мбит/с және одан жоғары интернетпен қамтылған.

19 ауыл мектебінде бүкіләлемдік желіге қосылу жылдамдығы секундына 4 мегабиттен
аспайды.

Өңір басшысы мектептердегі интернет жылдамдығын көтеру жұмыстарын тездетуді
тапсырды.

«Білім басқармасы цифрлық технологиялар басқармасымен және байланыс операторларымен бірге осы аптада техникалық мүмкіндіктерді қарастырып, мектептердегі байланыс сапасын жақсарту жолдарын ұсынуы керек»,- деді Е.Тоғжанов.

Бұдан бөлек, шалғай елдімекендердегі медициналық мекемелерді кеңжолақты интернет желісіне қосу және жыл соңына дейін Ақтөбе қаласы аумағындағы 5 мың гектар жерді цифрландыру тапсырылды.

Жалпы «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы 44 көрсеткіштен тұрады.

Оның 12-сі 2021-2025 жылдарға арналған Ақтөбе облысын дамыту бағдарламасына енгізілген.

Әсет Отарбаев ұлттық жоба қойған міндеттерді жүзеге асыруда проблема жоқ екеніне және бәрі кесте бойынша жүріп жатқанына сендірді.

Өңір басшысы бұл сұрақты үнемі бақылауда ұстап, барлық бағыт бойынша мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз етуді, сонымен қатар онлайн форматтағы мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру және ІТ мамандары даярлау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.