Ақтөбеде мемқызметшілер онлайн түрде біліктілігін арттыруда

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру онлайн режимде өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай талабына байланысты Мемлекеттік басқару академиясының филиалы онлайн-оқыту режиміне көшті.

Филиал директоры Саида Садуақасованың айтуынша, білім беру ұйымы мемлекеттік қызметшілермен қашықтан байланыс орнатып, онлайн оқытуды өткізуге арналған материалдар әзірленді. Бүгін «Көшбасшылыққа қол жеткізу стратегиялары» тақырыбында алғашқы семинар ұйымдастырылды.

«Семинарда 22 тыңдаушы біліктілігін арттыруда. Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық басқармасы, еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма, тілдерді дамыту бойынша басқарма және аудан мен қала әкімдігі аппаратының, құрылымдық бөлімдердің ауылдық округтердің бас мамандары қатысты. Онлайн оқыту ZOOM, Microsoft Teams, Moodle платформаларында жүргізілуде», -деді Саида Садуақасова.

Семинардың ашылуына қатысқан облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов мемлекеттік қызметшілерді оқытудың үздіксіз өткізілуінің маңыздылығын атап өтіп, алғашқы онлайн-семинар жұмысына сәттілік тіледі.